
Алматыда «Қазақстан — отбасылық зорлық-зомбылықсыз» республикалық акциясы аясында балаларды қорғауға және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ауқымды флешмоб өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Шараға жергілікті атқарушы органдардың, дағдарыс орталықтарының, білім беру саласының өкілдері, блогерлер және 400-ге жуық студент қатысты. Бас мақсат — отбасындағы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру, қоғамның назарын балаларды қорғау мәселесіне аудару және өзара құрмет пен қолдау принциптерін нығайту. Акцияның символы — бала алақанының ізі түскен ақ лента, ол қорғаныс, қамқорлық және қауіпсіздік белгісі. Флешмоб «Отбасы қауіпсіздіктен басталады» ұранымен өтті.
Алматы қалалық Полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ногайбаев атап өткендей, мұндай іс-шаралар құқық бұзушылықтың алдын алуда және қоғамдық сананы қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. «Біздің міндетіміз — құқық бұзушылықтарға әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру — мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Біз ең осал санат ретінде балаларды қорғауға ерекше көңіл бөлеміз», — деді ол.
Полиция бұл бағыттағы профилактикалық жұмыс жалғасатынын, оның ішінде қоғам мен жастарды белсенді тарту арқылы жүзеге асырылатынын хабарлады.
Дереккөз: Almaty.tv