
Халықаралық балаларды қорғау күнінде Алматы қаласының арнаулы мекемелерінде емделіп, оңалтудан өтіп жатқан 400-ге жуық кішкентай тұрғын сыйлықтар мен құттықтаулар алды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов балаларды мерекемен құттықтап, оларға жағымды эмоция сыйлау үшін балалар медициналық және оңалту мекемелеріне барды. Бірінші кезекте ол Мамандандырылған балалар үйіне ат басын бұрды, мұнда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған туғаннан төрт жасқа дейінгі 35 сәби тәрбиеленуде. Бұл жерде отбасылық ортаға барынша жақын жағдай жасалған: балалар шағын топтарда өсіп, достасуға, бір-біріне қамқор болуға, үлкендерді сыйлауға және қолдауды сезінуге үйренеді.
Марат Пашимов тәрбиеленушілердің тұрмыс жағдайымен танысып, ұжыммен сөйлесіп, сәбилерді мерекемен құттықтады. Мерекелік акция қаланың басқа да балалар медициналық мекемелерін қамтыды. Бұл күні «Балдаурен» оңалту орталығының, «Алау» балалар оңалту орталығының, Ерте балалық шақты оңалту орталығының, Фтизиопульмонология балалар оңалту орталығының және Қалалық балалар оңалту орталығының тәрбиеленушілері мен пациенттері тәтті сыйлықтар, жұмсақ ойыншықтар, кішкентайларға арналған сылдырмақтар, дамытушы үстел ойындары мен сурет салу планшеттерін алды.
«Әрбір бала қамқорлыққа, назарға және бақытты балалық шаққа лайық. Біздің ортақ міндетіміз — балалардың қолдауды сезінуі, сапалы медициналық көмек алуы және сау болып өсуі үшін барлық жағдайды жасау», — деді Марат Пашимов.
Көптеген балалар үшін бұл күн шынайы мерекеге айналды. Емдеу мен оңалтуға қарамастан, балалардың күлкісі, шынайы эмоциялары мен сыйлықтардан қуанышы мекеме қабырғасында жақсылық пен жылулық атмосферасын тудырды.
Дереккөз: Almaty.tv