
Алматыда Медеу ауданындағы «Шығыс қақпа» полицентрінде 2026-2029 жылдары көпфункционалды Almaty Promenade кешені салынады. Аумағы 30 гектарды құрайтын кешеннің құрылыс алаңы 317 мың шаршы метрден асады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жобада туристік, мәдени, қонақ үй және коммерциялық нысандары бар қоғамдық-рекреациялық кеңістік қарастырылған. Негізгі элементтердің бірі – су инфрақұрылымы: арналар, жағалаулар, серуен жолдары мен демалыс аймақтары жабдықталады. Су нысандары жалпы қоғамдық кеңістікке біріктіріледі.
Кешен құрамына қонақ үйлер, сауда және қызмет көрсету нысандары, мәдени-ойын-сауық алаңдары, жасыл аймақтар, жаяу жүргіншілер жолдары мен қоғамдық кеңістіктер кіреді. Жоба жеке инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, туризм, қызмет көрсету және шағын бизнесті дамытуға ықпал етеді.
Жобаны сүйемелдеуді Almaty Invest компаниясы жүзеге асырады. Бұл компания Алматының қалалық инфрақұрылымын дамыту және инвестиция тарту бойынша жұмыс істейді.
Дереккөз: Almaty.tv