Алматыда бірқатар автобус бағыттарында газ құю станцияларының шектеулі жұмысына байланысты уақытша кідірістер болуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Қала тұрғындары қоғамдық көлік жұмысындағы ақауларға шағымданды. Әлеуметтік желілерде автобустардың газ құю станцияларының жанында кезекке тұрған видеолары пайда болды.
Әкімдік жекелеген бағыттарда уақытша кідірістер болуы мүмкін екенін растады.
«Себебі — автомобиль газ толтыру компрессорлық станцияларының (АГТКС) шектеулі жұмысы. Штаттық режимде 8 станцияның тек 5-і ғана жұмыс істейді. Осыған байланысты жұмыс істеп тұрған газ құю станцияларында автобустардың кезегі пайда болды», — делінген хабарламада.
Әкімдіктің түсіндіруінше, қазір қызмет көрсетуші ұйымдар жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Бір станцияны іске қосу 29 шілдеге жоспарланған, ал барлық АГТКС-тің жұмысын толық қалпына келтіру — 31 шілдеге дейін», — деп хабарлады әкімдік.
Қала тұрғындарынан сапарларын жоспарлау кезінде кестедегі ықтимал өзгерістерді ескеру сұралды.
«Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және жолаушылардан сапарларын жоспарлау кезінде кестедегі ықтимал өзгерістерді ескеруін сұраймыз», — деп өтініш білдірді Алматы әкімдігі.
Дереккөз: Nur.kz