«Алматыгенплан» ғылыми-зерттеу институтының мамандары Алматының тарихи ғимараттарын зерттеу және сақтау үшін цифрлық модель әзірледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Зерттеу нәтижелері Швейцарияның MDPI баспасынан шығатын Buildings халықаралық ғылыми журналында жарияланды. Бұл басылым сәулет және құрылыс саласындағы жоғары рейтингтік журналдар қатарына кіреді.
«Алматыгенплан» ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, «Тарихи қалалық ландшафт контекстіндегі сәулет мұрасын цифрлық құжаттаудың тұжырымдамалық моделі: Алматы мысалында» атты ғылыми мақала тарихи-мәдени нысандарды зерттеу мен сақтауда заманауи технологияларды қолдануға арналған.
Әзірленген тәсіл сәулет мұрасын кешенді зерттеуді көздейді. Тарихи ғимараттарды бағалау кезінде құрылыстардың өз ерекшеліктері ғана емес, олардың қалалық ортамен, табиғи жағдайлармен және Алматының даму тарихымен байланысы да ескеріледі.
Жарияланым алматылық мамандардың жұмыс нәтижелерін халықаралық ғылыми қауымдастыққа таныстыруға және әзірленген тәсілдерді қаланың сәулет мұрасын одан әрі зерттеуде пайдалануға мүмкіндік береді.
