Алматыда таңғы автобус қатынасын ертерек бастау туралы ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Threads әлеуметтік желісінде mad1ar019 деген пайдаланушы автобустардың таңғы 05:00–05:30 аралығында қатынасқа шығуын ұсынды. Оның айтуынша, таңғы 06:00-де жұмысқа уақытында жету әрдайым мүмкін бола бермейді.
«Алматыдағы кептеліс таңғы 06:30-да басталатынын елестетіңіз! Әдетте бір сағат алатын жол кептеліске байланысты екі сағатқа созылады. Ертерек қатынас таңнан жұмысқа шығатындардың өмірін едәуір жеңілдетіп, автобустардағы адам көптігін азайтар еді», — деп түсіндірді жазба авторы өз ұсынысын.
Алматы қаласының жол қозғалысы мен жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы автобус қозғалысының кестесі туралы пікір білдірді.
«Бүгінгі таңда алғашқы автобустардың қатынасқа шығу уақыты 05:30–05:40 деп белгіленген. Қозғалыс кестесі 23:00-ге дейін созылады. Жекелеген бағыттарда автобустардың жұмысы 5:00-де басталып, жұмыс күні 24:00-ден кейін аяқталады. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін қаланың төменгі бөлігін жоғарғы бөлігімен байланыстыратын түнгі бағыт та жүргізіледі. Ал бағыттың жұмысын бастау уақыты жолаушылар ағынына сәйкес бекітіледі», — деп жауап берді басқармада.
