
Алматы полициясы қоғамдық көлікте 17 жастағы студентті ұрып-соққан әйелдің жеке басын анықтауда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жәбірленуші Камилла Жұрабаеваның айтуынша, оқиға автобуста болған. Ол әйел мен оның қызы арасындағы жанжалдың куәгері болған. Студенттің сөзінше, жолаушы баланы өткізіп алған аялдама үшін қатты ұрысқан. Қызды басқа жолаушылар жақтауға тырысқан, содан кейін әйел студентке шабуыл жасаған.
«Ол мені футболкамнан ұстап, басыма бірнеше соққы жасады, содан кейін шашымнан тартып, тіземнен жықты», — деді Камилла.
Оқиғадан кейін қыз ауруханаға жатқызылды. Оның айтуынша, дәрігерлер ми шайқалуы және бас аймағында гематома диагнозын қойған. Студенттің анасы жанжал қызы болып жатқан оқиғаны телефонға түсіре бастағаннан кейін басталғанын айтады. Оның сөзінше, әйел жасөспірімді автобус салонында да, аялдамада түскеннен кейін де ұрып-соққан. Оны тек куәгерлер тоқтата алған.
Жәбірленушінің туыстары полицияға жүгінген. Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, Алатау ауданы полиция басқармасы осы факті бойынша қылмыстық іс қозғаған.
«Оқиғаға құқықтық баға беріледі, барлық мән-жайлар анықталуда», — деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жазбаларды зерттеп, күдіктінің жеке басын анықтауда.
Дереккөз: Inalmaty.kz