Алматы полициясы желіде анонимдік жоқ екенін ескертіп, ашық онлайн-трансляция ұйымдастырған вебкам-студияны анықтады. Құқық қорғау органдары тікелей эфир кезінде заңбұзушыларды ұстады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, мегаполисте вебкам-студияның қызметіне жол берілмеді. Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Медеу ауданы полициясының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында интимдік сипаттағы ақылы интернет-трансляциялар өткізуге жабдықталған пәтерді анықтады.
Полиция келген кезде бөлмеде онлайн-трансляцияға қатысқан қыз бен студия әкімшісі болған. Екеуі де полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тінту барысында компьютерлік техника, бейнетүсіру құралдары, трансляция жүргізуге арналған жабдық және тергеу үшін маңызы бар басқа да заттар алынды,
деп нақтылады полициядан.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу заңсыз студияны ұйымдастыруға және оның жұмыс істеуіне қатысы бар адамдарды, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттің барлық мән-жайын анықтауда.
Цифрлық кеңістікте анонимдік жоқ. Желідегі кез келген құқыққа қайшы әрекет ерте ме, кеш пе ішкі істер органдарының назарына ілігеді,
деп ескертті полиция.
Дереккөз: Nur.kz