Алматыда ЛРТ жобасын іске асыруға байланысты Абылай хан даңғылының бір бөлігінде қозғалыс уақытша шектеледі, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, шектеулер 8 және 9 қыркүйекте түнгі уақытта — 22:00-ден 06:00-ге дейін қолданылады. Абылай хан даңғылының Райымбек даңғылынан Мәметова көшесіне дейінгі учаскесінде қозғалыс толығымен жабылады.
Жұмыс жүргізілетін орынға ескерту жол белгілері қойылады. Жүргізушілерден уақытша шектеулерді ескеріп, бағыттарын алдын ала жоспарлау сұралады.
Фото: Алматы әкімдігі
Бұған дейін Алматыда ЛРТ жобасы аясында жұмыстарға байланысты Төле би көшесінде — Байтұрсынов көшесінен Досмұхамедов көшесіне дейінгі учаскеде де қозғалыс уақытша шектелетіні хабарланған болатын.
Сонымен қатар, 8 қыркүйектен бастап Ақжар шағын ауданында су құбыры мен кәріз желілерін салуға байланысты Рысқұлов көшесінің Қонаев көшесінен Айтматов көшесіне дейінгі учаскесінде қозғалыс толығымен жабылды. Осыған байланысты №4, №14, №44, №50 және №128 автобус бағыттарының жүру схемалары уақытша өзгертілді.
Тағы бір шектеу Арықов көшесінде қолданылады. Жылу магистралін қайта жаңартуға байланысты Жетісу көшесінен Жангелдин көшесіне дейінгі учаскеде 10 қазанға дейін қозғалыс толығымен жабық.
