
Алматыдағы қалалық жиын пунктінде мерзімді әскери қызметке шақырылғандарды салтанатты түрде шығарып салды. Әскер қатарына Талдықорғандағы әскери бөлімдерде қызмет ететін 90 жаңадан шақырылған жігіт жолға шықты, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Шараға белгілі мәдениет өкілдері қатысты. Болашақ әскери қызметшілерге Ильяс Байбосынов «Қазақ жауынгері» патриоттық композициясын, ал Ерболат Құдайберген «Мен қазақпын» және «Жігіттер» әндерін орындап, жас жігіттерге төзімділік пен берік армиялық бауырластық тіледі.
Шақырылғандарды қолдауға Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, Наурызбай ауданы әкімдігінің өкілдері, ардагерлер, сондай-ақ жауынгерлердің туыстары мен жақындары келді. Жастарға ақ батасын беріп, жүрекжарды тілегін Қазақстанның мәдениет қайраткері, «Арай» ансамблінің көркемдік жетекшісі Қанат Құлымжанов айтты.
Сонымен қатар, шақырылғандарға естелік сыйлықтар мен «Ұшқан ұя» кітабы табыс етілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кітап жауынгерлерге әскери намыс пен туған үйге деген сүйіспеншілікті еске салуы тиіс.
Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Нұржан Естаев жаңадан шақырылғандарға қызметті лайықты өтулерін тілеп, бұл кезеңнің олардың өміріндегі маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны маусым айының соңына дейін жалғасады. Биыл көктемде мегаполис тұрғындарынан екі мыңға жуық жас Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдар қатарын толықтырады.
Дереккөз: Inalmaty.kz