Алматы туристік инфрақұрылымды кешенді дамыту аясында қонақ үй қорын кеңейтіп, таулы маршруттарды жаңғыртуды жалғастыруда. Жаңа жобалар қалаға шетелдік қонақтарды көбірек қабылдауға, қызмет сапасын арттыруға және Алматының жыл бойы туризм мен халықаралық іскерлік іс-шаралар орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық Туризм басқармасының басшысы Галия Токсеитованың айтуынша, бүгінде Алматыда қонақ үй бизнесі саласында 81 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 8 бесжұлдызды және 9 төртжұлдызды қонақ үй, сондай-ақ басқа да заманауи орналастыру нысандары бар.
2028 жылға қарай мегаполистің номерлік қорын 12 мыңнан 18 мың номерге дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл туристер мен ірі халықаралық іс-шараларға қатысушылар тарапынан өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Алдағы жылдары Алматының қонақ үй картасы тағы бірнеше халықаралық жобалармен толығады. 2027 жылы бесжұлдызды Hayat Meliora, ал 2028 жылдың соңына қарай Curio Collection by Hilton санаторлық кешені мен The Veil Hotel бутик-қонақ үйін ашу жоспарланған.
Галия Токсеитованың айтуынша, қонақ үй қорының ұлғаюы туристерді сапалы орналастырумен қамтамасыз етіп қана қоймай, Алматының халықаралық форумдар, көрмелер, конференциялар және MICE-туризм саласындағы басқа да іс-шараларды өткізу мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтеді.
Тау инфрақұрылымын дамыту да маңызды бағыт болып қала береді. Бүгінде табиғи аумақтардың экологиялық құндылығын сақтай отырып, оларға бару үшін қауіпсіз және жайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде.
«Жапон жолы» жобасы іске асырыла бастады — бұл сегіз шақырымдық жаңа туристік маршрут белсенді демалыс әуесқойлары үшін тағы бір тартымды нүктеге айналады. Құрылыс 2026–2027 жылдарға жоспарланған.
Таулы маршруттарды кешенді абаттандыру аясында навигациялық көрсеткіштер, демалыс аймақтары, бақылау алаңдары, орындықтар, беседкалар, ақпараттық стендтер, кіреберіс топтары және экологиялық туризмнің заманауи стандарттарына сәйкес келетін басқа да элементтер пайда болады.
Тағы бір маңызды нысан — жаңа «Алма-Арасан» визит-орталығы, оның құрылысы биылғы жазда басталады. Жоба заманауи туристік орталық құруды, іргелес аумақты абаттандыруды, навигация жүйесін дамытуды және келушілердің демалысы үшін жайлы қоғамдық кеңістіктер ұйымдастыруды көздейді.
Галия Токсеитова атап өткендей, осы жобаларды іске асыру таулы аумақтарға баруды қауіпсіз әрі жайлы етуге, табиғи ландшафттарға антропогендік жүктемені азайтуға және әлемдік деңгейдегі заманауи туристік инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қонақ үй желісі мен табиғи туристік локацияларды кешенді дамыту Алматының туристік саласының одан әрі өсуінің негізгі факторларының біріне айналып, қаланың Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтады.
Дереккөз: Almaty.tv