
Алматы мектептерінде түлектерге аттестат табыстау салтанатты рәсімдері аяқталды. Биыл 20 803 түлек орта білімді, ал 30 380 тоғызыншы сынып оқушысы негізгі мектепті бітірді. Бұл туралы қалалық Білім басқармасы хабарлады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 790 түлек «Алтын белгі» белгісінің иегері атанып, барлық пәндер бойынша үздік білімдерін растады. Тағы 2 083 түлек жалпы орта білім курсын үздік аяқтағаны үшін ерекше үлгідегі аттестат алды. Тоғызыншы сынып оқушыларының арасында 2 168 оқушы үздік аттестатқа ие болды.
Дәстүр бойынша аттестат табыстау рәсімдері күндізгі уақытта өтті. Бұл формат түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және мектеп іс-шараларының мәдениетін сақтауға бағытталған. Салтанатты шараларға педагогикалық ұжымдар, ата-аналар, қоғам өкілдері, педагогикалық еңбек ардагерлері және қамқоршылық кеңестерінің мүшелері қатысты.
Оқу жетістіктерімен қатар түлектер әлеуметтік және қайырымдылық бастамаларға қатысуды жалғастырды. Биыл оқушылар «Мектепке кітап сыйла» және «Мектепке сыйлық» акцияларын қолдап, аумақтарды көгалдандыруға, ағаштар мен гүлдер отырғызуға қатысып, сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылар мен мамандандырылған медициналық мекемелерге көмек көрсетті.
Дереккөз: Almaty.tv