Алматыда құрылыс нысандарын тексеру барысында 43 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға жалпы сомасы 5,7 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Nur.kz мәліметінше, мониторинг 30 қыркүйектен басталған. Тексеру барысында экологиялық талаптар мен абаттандыру ережелерінің сақталуы қадағаланды.
Ең көп бұзушылық тротуарларға тақтатас төсеу және бордюр орнату кезінде анықталды. Белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін 33 компания жауапкершілікке тартылды, бұл жалпы бұзушылар санының 77%-ын құрайды.
Сонымен қатар ғимараттардың қасбетін жөндеу кезінде бес ұйым, кәріз және инженерлік желілерді тарту кезінде төрт ұйым, арық желілерінде жұмыс істеу кезінде бір ұйым айыппұл алды.
Анықталған фактілер бойынша 1 340 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды, оның жалпы сомасы 5,7 млн теңге болды.
«Тексеру қала аудандарының аумағында құрылыс және жөндеу жұмыстарын орындау кезінде экологиялық талаптар мен абаттандыру ережелерінің сақталуы тұрғысынан жүргізілді», — делінген «Eco Almaty» ЖШС хабарламасында.
Құрылыс нысандарын мониторингілеу Алматы аумағында экологиялық талаптар мен абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында жалғасуда.
