...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматыда 400-ден астам есірткі жарнамасы жойылды

Алматыда есірткіге қарсы айлық аясында қала аумағындағы есірткі жарнамаларын анықтап, жою бойынша ауқымды акция өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Іс-шараны Алматы қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырып, қаланың барлық аудандарын қамтыды. Акцияға «Жастар Рухы» жастар қанатының еріктілері, «Наркостоп» жобасының қатысушылары, прокуратура өкілдері, «Жастармен» жобасының белсенділері, М. Есболатов атындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясының курсанттары, «Таза орта» еріктілер қозғалысы және қоғам өкілдері қосылды. Барлығы 150-ден астам адам қатысты.

Акция барысында қала аумағында есірткі құралдары мен психоактивті заттардың жарнамасы мен насихаты белгілері бар 400-ден астам жазу анықталып, жойылды.

Алматы қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Батыржан Әбдімасаровтың атап өтуінше, есірткі жарнамасына қарсы күрес есірткі қылмысына қарсы тұрудың маңызды бөлігі болып табылады. «Әрбір осындай жазу – бұл жай граффити емес, адамдарды, соның ішінде жастарды есірткінің заңсыз айналымына тарту құралы. Біздің міндетіміз – сату арналарын анықтап, жолын кесу ғана емес, сонымен қатар оларды жылжытудың кез келген нысанын жою. Біз қаланы есірткі насихатынан дәйекті түрде тазартып, азаматтарды шет қалмауға – осындай фактілер туралы хабарлауға және бірлесіп қауіпсіз орта қалыптастыруға шақырамыз», – деді Батыржан Әбдімасаров.

Бұған дейін Алматы әуежайында шетелдік әйелден 21 келі есірткі табылғаны хабарланған. Сондай-ақ полиция Алматы облысында синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананың жойылғанын айтқан болатын.

Дереккөз: Inform.kz