Алматыда қаланың 338 көшесінде коммуналдық ақылы тұрақ орындары бекітілді. Тізімге Абай даңғылы, Тілендиев, Төле би, Саин және басқа да көшелер енгізілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды 2026 жылғы 2 шілдеде коммуналдық ақылы тұрақ орындарын орналастыру орындарын айқындау туралы қаулыға қол қойды.
Тізімге Абай даңғылы, Тілендиев, Төле би, Саин, Әуезов көшелері, сондай-ақ Гоголь, Мақатаев, Шевченко, Құрманғазы, Қабанбай батыр көшелері және Тимирязев көшесіндегі барлық тұрақ аймақтары енді. 27 ақылы тұрақ алаңдық типте болады. Мұндай алаңдардың көпшілігі Солтүстік айналма жолындағы базарлар мен сауда орталықтарының маңында, сондай-ақ Қалқамандағы №7 қалалық клиникалық аурухананың алдында, Ботаникалық бақтың кіреберісінде және әл-Фараби даңғылындағы «Нұрлы Тау» бизнес-орталығының бойында орналасқан.
Жобаны іске асырумен және жұмысты үйлестірумен Алматы қаласының жол жүрісін ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы айналысады.
Қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Бұған дейін жергілікті тұрғындардың ақылы тұрақтарда жеке көліктерін тегін қалдыруына мүмкіндік беретін резиденттік абонементтерді енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz