Алматыда қалалық туризм инфрақұрылымын дамыту аясында жаңа форматтағы интеллектуалды қалалық көмекші іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жобаны қазақстандық CITIX компаниясы Visit Almaty-мен бірлесіп жүзеге асырды. Бұл туралы қаланың туризм басқармасы мәлімдеді.
Бүгінде Алматыда 31 смартборд орнатылған. Құрылғылар Терренкурде, Республика сарайының жанында, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында, Панфилов және Төлебаев көшелерінде, Есентай мен Кіші Алматы өзендерінің жағалауларында, метро станцияларының, ЦУМ мен Орталық мемлекеттік мұражайдың маңында орналасқан. Жуырда тағы төрт құрылғы орнату жоспарланып отыр.
Смартбордтар жақын маңдағы кафелерді, дәріханаларды, мұражайларды, дүкендерді және қоғамдық көлік аялдамаларын табуға мүмкіндік береді. Жүйе құрылғының орналасқан жерін ескеріп, қашықтық пен жол уақытын көрсете отырып, бағыттарды ұсынады.
Туристер үшін дайын серуендеу бағыттары, көрікті жерлер топтамасы және концерттер, спектакльдер, көрмелер мен фестивальдер сияқты қалалық іс-шаралар туралы ақпарат қарастырылған. Сервис қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тегін және тіркелусіз қолжетімді.
Жеке бөлім Алматы тарихына арналған. Qalam Media-мен бірлесіп, қаланың мұрағаттық фотографиялары сол жерлердің қазіргі суреттерімен салыстырылған жоба дайындалды. Келушілер таныс көшелер мен ғимараттардың ондаған жылдар ішінде қалай өзгергенін көре алады.
Сондай-ақ смартбордтар арқылы «102», «103» және «112» нөмірлері бойынша жедел қызметтер туралы ақпарат алуға, құжаттарды жоғалтқан кездегі іс-қимыл тәртібін білуге және медициналық көмек туралы мәліметтерді табуға болады. Экрандарда ауа райы мен ауа сапасы туралы деректер көрсетіледі. QR-код арқылы бағыттар мен басқа да ақпаратты телефонға көшіру мүмкіндігі қарастырылған.
Алматы туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова атап өткендей, цифрлық сервистерді дамыту туристік ағынның өсуі аясында ерекше өзекті болып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыға шамамен 2,5 млн турист келді, оның ішінде 754 мың шетелдік қонақ бар. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша қала қонақүйлері 1,14 млн адамға қызмет көрсетті, ал саланың түсімі 53,1 млрд теңгені құрады.
