
Алматыдағы 300-ге жуық үйдің тұрғындары тұрақсыз сумен жабдықтауға шағымданып отыр. Олардың айтуынша, су тек түнде ғана келеді, ал күндіз киім жууға немесе бақша суаруға мүмкіндік жоқ, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Телеарнаның мәліметінше, Алматыдағы бау-бақша серіктестіктерінің бірінде су құбырын ауыстыру жұмыстары кезінде су беру үнемі жабылып отырады. Осыған байланысты 300 үй тұрақты сумен қамтамасыз етуден айырылған.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, су тек түнде ғана ағады, әрі қысымы өте әлсіз – ыдыстарды толтыруға әзер жетеді. Мысалы, Ольга Панковская мұнда 13 жыл тұрады. Оның айтуынша, бұрын да үзілістер болған, бірақ биыл жағдай тым нашарлаған – су мүлдем жоқтың қасы.
«Су мүлдем жоқ: бақша суаруға да, ішуге де жоқ. Жалпы, ыдыстарды толтыруға да, ештеңеге де мүмкіндік жоқ… бізде су мүлдем келмейді. Егер түнде тұрсақ, таңғы сағат төрттерде жіңішке ағын пайда болады. Ыдыс жууға, бетімізді жууға ғана толтыра аламыз. Ал киім жууға мүмкіндік жоқ, бақша суару тіпті мүмкін емес», – деді Панковская.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай бүкіл бау-бақша серіктестігінде дерлік қалыптасқан. Адамдар суды қор етіп жинауға мәжбүр. Сонымен қатар, жолдар да қосымша проблемаға айналған. Тұрғындардың айтуынша, құбыр тарту кезінде жолдарды қазып алған, бірақ кейін ретке келтірмеген – жабыны тегіс емес, кей жерлерде шұңқырлар пайда болған. Мұндай көшелермен жүру қиындап барады.
«Мәселе мынада: біздің аумақта құрылыс жүріп жатыр, кәріз және су құбыры желілері тартылуда, соған байланысты сусыз отырмыз. Себебі – жол бойымен ішетін судың негізгі магистральдары өтеді. Құбыр тарту, қазу кезінде бұл желілер үзіліп, уақытында қалпына келтірілмейді», – деп түсіндірді «Весна 65» бау-бақша серіктестігінің төрағасы Игорь Фазульянов.
Мердігерлер жұмыс кезінде суды жабуға мәжбүр екендерін растайды. Олардың айтуынша, жаңа желілер қолданыстағы магистральдардың бойымен тартылуда.
Дереккөз: Nur.kz