Алматы әкімінің айтуынша, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты қала әкімдігі «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп, 4 мыңнан астам пәтерді кезең-кезеңімен бөлуді жалғастыруда, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бірінші кезең аясында 885 пәтер берілген, ал екінші кезеңде тағы 1 832 пәтер бөлінетін болады. Сонымен қатар, «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасы аяқталғаннан кейін босаған 1 мыңнан астам пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Тағы 594 пәтер несиелеу шарттарымен ұсынылады.
Қыркүйек айының басынан бастап пәтерлерді бөлу бойынша конкурстар кезең-кезеңімен өткізіле бастайды. Бұл ретте азаматтардың кезекке қойылған күні ескерілетін болады, бұл тұрғын үйді бөлудің дәйектілігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қолданыстағы қолдау жүйесі аясында табысы төмен азаматтарға жалдамалы тұрғын үй беріледі, ал тұрақты табысы мен төлем қабілеті бар азаматтарға несиелік тұрғын үй мен жеңілдікті ипотекалық бағдарламалар қолжетімді.
