...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматыда 19,6 км жылу магистралі жаңартылады: жоба құны 61,1 млрд теңге

Алматыда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жылу инфрақұрылымын жаңартудың ірі жобаларының бірі басталады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.

«Қазақстан Даму Банкі» АҚ мен «Алматы электр станциялары» АҚ ТЭЦ-2 — Батыс жылу кешені жылу магистралін қайта жаңартуды қаржыландыру туралы алдын ала келісім жасасты. Жоба қаланың ең тозған жылу желілерінің бірін жаңартуға бағытталған. Қазіргі уақытта магистральдің тозу деңгейі 83%-ға жеткен, бұл апаттар мен жылумен жабдықтаудағы үзілістер қаупін едәуір арттырады.

Жоба аясында Алматының Әуезов және Алатау аудандарында 19,6 км құбыр толығымен қайта жаңартылады. Ескірген инженерлік коммуникацияларды ауыстыру, жылу трассасының жаңа жер асты және жер үсті учаскелерін салу, заманауи павильондар, эстакадалар және басқа да жабдықтарды орнату, сондай-ақ жаңартылған инфрақұрылымды қолданыстағы инженерлік желілермен біріктіру көзделген.

Жұмыстар аяқталғаннан кейін ТЭЦ-2-ге қосылған тұтынушылардың жылумен жабдықталу сенімділігі артады. Магистраль 606 Гкал/сағ жылу жүктемесін беруді қамтамасыз етеді, ал жылдық жылу энергиясын босату 3 млн Гкал-дан асады. Жобаны іске асыру жылыту маусымында апаттық ажыратулардың ықтималдығын едәуір төмендетуге және қала тұрғындарына коммуналдық қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы құны 61,1 млрд теңгені құрайды. Қазақстан Даму Банкі жобаны іске асыруға 26,4 млрд теңгеге дейін бағыттайды. Жылу магистралін қайта жаңартуды 2030 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған.

Жоба МЭКС ұлттық жобасының нысандар тізіміне енгізілген, ол елдің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуды көздейді. Оның басты мақсаты — жылумен, электрмен, сумен жабдықтау мен су бұрудың сенімділігін арттыру, желілердің тозуын азайту және халыққа коммуналдық қызметтерді сапалы көрсетуді қамтамасыз ету.

Бұған дейін ҚДБ Қарағанды облысы мен Жетісу облысында электр желілерін жаңғыртуды қаржыландырған. Жаңа жылу желісі Талдықорғанда 2,3 мыңнан астам пәтерді жылумен қамтамасыз етеді.

Дереккөз: Inform.kz