Алматы қаласының көлік басқармасы жаңа ережелердің күшіне енгенін хабарлады. Енді көпқабатты үйлердің тұрғындары коммуналдық ақылы тұрақтарды мүлдем тегін пайдалана алады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Басқарманың мәліметінше, басты шарт – бір пәтерге бір автокөлік. Тұрғындар үйден 500 метр радиуста орналасқан бір ғана коммуналдық ақылы тұрақты таңдай алады.
Өтінімді 17 тамыздан бастап «Алматы паркинг» сайты немесе eOtinish платформасы арқылы беруге болады.
Сонымен қатар, жаңа ережелерге сәйкес, коммуналдық ақылы тұрақтарды пайдаланғаны үшін төлемнен келесі санаттағы көлік иелері босатылады:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жеңілдіктер бойынша теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері;
2) бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері;
3) «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I немесе II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
4) Семей сынақ ядролық полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар;
5) электромобиль иелері.
Бұған дейін қазақстандықтарға тұрақта дұрыс тұрмаған көлікті сызып кетсе, не істеу керектігі туралы кеңес берілген болатын.
