Алматының Бостандық ауданында 14 жасар жасөспірім бейтаныс адамдармен кездесіп, iPhone телефонынан айырылды. Полиция іс қозғап, күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі NUR.KZ-ге сілтеме жасап.
Алматы қалалық Полиция департаментінің Instagram-дағы мәліметінше, екі жас адам 14 жасар жасөспірімге тиесілі iPhone-ды алдап иеленді деген күдікке ілінді. Полиция күдіктілердің оқиға орнынан бой тасалағанын анықтады.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері қысқа мерзімде күдіктілерді анықтап, ұстады. Олар екі кәмелетке толмаған болып шықты. Сондай-ақ, тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілерге қылмыс жасағаннан кейін жасырынуға көмектескен ер адам да ұсталды. Бұдан бөлек, полицейлер ұрланған смартфон табылған әйелді анықтады, — деп қосты Алматы ПД.
Ұялы телефон тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелген. Тергеу амалдары жалғасуда.
Дереккөз: Nur.kz