
Алматыдағы Шұғыл балалар медициналық көмек орталығында дәрі-дәрмекпен емдеуге көнбейтін туа біткен эпилепсиямен ауыратын 12 жасар науқасқа бірегей нейрохирургиялық ота жасалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Балада ауыр эпилепсиялық ұстамалар байқалған, дәрілік терапия нәтиже бермеген. Дәрігерлер кезбе нервті ынталандыру (VNS — Vagus Nerve Stimulation) әдісін қолдануды ұйғарды. Бұл — эпилепсияның ауыр түрлерін емдеудің заманауи тәсілі.
VNS әдісі фармакорезистентті эпилепсияда — дәрілік терапия тиімсіз болған және миға ашық ота жасау мүмкін емес немесе ұсынылмайтын жағдайларда қолданылады.
Хирургиялық араласу кезінде науқасқа сол жақ бұғана астына шағын электронды құрылғы — генератор имплантацияланды. Одан мойын аймағындағы сол жақ кезбе нервке электрод жалғанды. Құрылғы әлсіз электрлік импульстар жіберіп, мидың патологиялық белсенділігін төмендетуге және эпилепсиялық ұстамалардың жиілігі мен ауырлығын азайтуға көмектеседі.
Мамандардың айтуынша, терапиядан айқын нәтиже әдетте құрылғы имплантацияланғаннан кейін бір-екі жыл ішінде байқалады. Статистика көрсеткендей, науқастардың көпшілігінде ұстамалар жиілігі айтарлықтай төмендейді.
Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жасалды. Хирургиялық араласуға Шұғыл балалар медициналық көмек орталығының нейрохирургтері Рахым Ахан мен Анарбай Алтай қатысты.
Орталық заманауи жоғары технологиялық емдеу әдістерін енгізуді және балаларға арналған мамандандырылған медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастыруда.
Дереккөз: Almaty.tv