Алматыда 10 қараша кешінен бастап 12 қараша түніне дейін ұзаққа созылатын жауын-шашын болады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, қаланың кейбір аудандарында қатты жаңбыр жауады, Алматының жоғарғы бөлігінде дымқыл қар түсуі мүмкін.
Жауын-шашынның ең көп түсетін уақыты — 11 қарашаға қараған түн. Қалада 20 мм-ге дейін, таулы аудандарда 30 мм-ге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Күндіз тағы 5-7 мм жауады. Жел екпіні 15-20 м/с жетуі ықтимал. 12 қарашаға қараған түні синоптиктер жаңбыр, қар және тұманды да болжайды.
Әкімдіктің мәліметінше, күтілетін қолайсыз ауа райына байланысты Алматының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.
Ықтимал жергілікті су басулардың алдын алу және салдарын жою үшін жалпы саны 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригада кезекшілікке шықты. 415 бірлік техника, 97 мотопомпа және 2 950 құм салынған қап дайындалды.
Сонымен қатар қаланы күнделікті тазалау және ұстау үшін 3 080 жол жұмысшысы мен 1 225 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылады.
Қала билігі қалалық қызметтердің ауа райы жағдайын бақылап, жауын-шашынның ықтимал салдарларына жедел ден қоятынын да растады.
Бұған дейін Алматының Төтенше жағдайлар департаменті 2026 жылғы 11 қарашаға арналған дауылды ескерту таратқан болатын. Одан шығатыны, оңтүстік астанаға жауын-шашын, кейде қатты (жаңбыр, қар), тұман түседі, сондай-ақ ауа температурасының күрт төмендеуі болжанады.
