Бүгін Алматы зообағының ең танымал тұрғындарының бірі — кубалық қолтырауын Фидель 40 жасқа толды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Фидель 1986 жылы дүниеге келген, ал 2001 жылы Рига зообағынан Алматы зообағына әкелінген. Осы жылдар ішінде ол келушілер мен қызметкерлердің сүйіктісіне айналды. Қазір Фидель — өз түрінің ересек өкілі, ұзындығы шамамен 4 метрді құрайды.
Мерейтойға орай туған күн иесіне ерекше сый дайындалды. Қолтырауындар тәттіні жемейтіндіктен, мерекелік «торт» оның сүйікті тағамы — сиыр етінен жасалды. Бұл сый жануардың табиғи тамақтану қажеттіліктеріне сай келеді.
— Фидель өзін жақсы сезінеді, ол белсенді, жақсы тәбеті бар және мамандардың тұрақты бақылауында. Біздің зообақта өткізген жылдары ол Экзотариумнің нағыз символына айналды. Оның мінезі мен әдеттері қалыптасқан, оларды біздің қызметкерлер жақсы біледі. Салмақты жасына қарамастан, кубалық қолтырауын үшін 40 жас — бұл шек емес, дұрыс күтім жасағанда олар әлдеқайда ұзақ өмір сүре алады, — деп атап өтті Алматы зообағы Экзотариум бөлімінің жетекшісі Александр Гурнев.
Кубалық қолтырауын бауырымен жорғалаушылардың ең көне тобына жатады. Зат алмасу ерекшеліктеріне байланысты бұл жануарлар тағамды ұзақ уақыт қорыта алады, сондықтан зообақ жағдайында Фидель аптасына бір рет азық алады. Әдетте азықтандыру сейсенбі күндері сағат 14:00-ден 15:00-ге дейін өтеді, ал келушілер бұл процестің куәсі бола алады.
40 жыл ішінде Фидель жай зообақ тұрғыны емес, адамдарға қолтырауындар, олардың мінез-құлық ерекшеліктері және сирек кездесетін түрлерді сақтаудың маңыздылығы туралы көбірек білуге көмектесетін нағыз символға айналды.
Бұған дейін Алматы зообағында Пржевальский жылқысының құлыны дүниеге келгені хабарланған болатын.
Дереккөз: Inform.kz
