Алматыда «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініштерді қарау аяқталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, өтініштер 1-15 маусым аралығында kezekte.kz порталы арқылы қабылданған. Осы кезеңде 5363 өтініш түскен.
Құжаттарды тексеру барысында мамандар кейбір қатысушылардың өтініш беру кезінде қызмет саласын қате көрсеткенін анықтаған. Ведомство бұл қатенің тек техникалық сипатта болғанын және бағдарламаға қатысудан бас тартуға негіз болмағанын атап өтті.
Құжаттарды тексеру қорытындысы бойынша 3968 өтініш бойынша оң шешім қабылданған. Биыл бағдарлама аясында кемінде 1650 тұрғын үй несиесін беру жоспарланған. Дәл осы қатысушылар төлем қабілеттілігін растау үшін «Отбасы банк» АҚ-на жолдама алады. Кезекті болдырмау үшін жолдамалар кезең-кезеңімен — апта сайын 550 қатысушыға беріледі.
Төлем қабілеттілігін растағаннан кейін қатысушылар 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы немесе қайталама нарықтан тұрғын үй таңдап, 20 млн теңгеге дейін тұрғын үй несиесін ресімдей алады.
— Егер жекелеген қатысушылар төлем қабілеттілігін растамаса немесе белгіленген мерзімде тұрғын үй таңдап үлгермесе, жолдама алу құқығы құжаттары оң қаралған өтініш берушілер қатарындағы келесі үміткерлерге ауысады. Мұндай тетік бағдарламада көзделген қаражатты толық игеруді қамтамасыз етеді, — деп хабарлады басқармада.
Сонымен қатар 1395 өтініш берушіге қатысудан бас тартылған. Негізгі себептер — бағдарлама талаптарына сәйкес келмеу, меншігінде тұрғын үйдің болуы немесе соңғы бес жыл ішінде оны иеліктен шығару, сондай-ақ соңғы алты айда міндетті зейнетақы жарналарының болмауы.
Өтініштері мақұлданған және бас тартылған қатысушылардың тізімі kezekte.kz порталында «Тұрғын үй сервистері» бөлімінің Almaty jastary сервисінде жарияланады.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлерін, журналистерді, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, коммуналдық қызмет қызметкерлерін, сондай-ақ «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларын қамтиды.
Өткен жылы 6626 өтініш түскен, оның ішінде ең көп өтініш білім беру саласының өкілдерінен — 2191 түскен.
Дереккөз: Inform.kz