Алматы қаласы әкімдігі мен мәдениет басқармасының қолдауымен өткен «Шабыт берген Алматы!» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, мәдениет және өнер саласының мамандары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ақындар, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Байқауға өтінімдер 15 шілде мен 29 тамыз аралығында қабылданып, еліміздің түрлі аймағынан барлығы 269 жұмыс түсті. Жалпы жүлде қоры 7,5 млн теңгені құрайды.
Іс-шара барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов байқаудың маңыздылығын атап өтіп, оның қала әкімінің бастамасымен ұйымдастырылғанын жеткізді. Оның айтуынша, Алматы әрдайым мәдениет пен өнердің орталығы болып қала береді. Ақындардың шығармаларында қаланың көріктілігіне, өмірі мен атмосферасына деген ерекше сүйіспеншілік көрініс табады. Сондай-ақ ол байқауға қатысқан барлық ақынға алғыс білдіріп, қала тұрғындары мен қонақтарын Қала күнімен құттықтады.
Қазылар алқасы жұмыстарды көркемдік деңгейі, мазмұны, авторлық идеясы, тіл шеберлігі және композициялық ерекшеліктері бойынша бағалады. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Иранбек Оразбаевтың «Алматы – бұ дүние жәннаты (шаһар-нама)» шығармасына берілді.
Екінші орынды Елена Әбдіхалықованың «Жас едім көкірегімде тасыған ән…» жұмысы иеленді. Үшінші орын Ғани Карлығаштың «Алматы: три поколения, одна любовь» және Ақсұңқар Ақынбабақызының «Алматының рухы» шығармаларына бұйырды.
Сонымен қатар, Алмас Ахметбекұлы «Төлеби 59» шығармасы үшін, Әділғазы Қайырбеков «Алматым – азаттықтың астанасы!» үшін, Мұрат Шаймаран «Алматы. Сұр ғимарат» үшін, Ерғали Бақаш «Жас ақынның Алматыға келуі» үшін және Олжас Отар «Алматы монологы» үшін көтерме жүлделермен марапатталды.
Байқауға ұсынылған шығармаларда Алматының тарихи, мәдени және рухани маңызы, табиғи сұлулығы, бай мәдени мұрасы мен заманауи бейнесі әр автордың жеке поэтикалық көзқарасы арқылы көрініс тапқанын атап өткен жөн. Жеңімпаз бен жүлдегерлердің шығармалары «Шабыт берген Алматы!» жинағында жарияланады.
