Алматы тауларында жаяу серуенге шығып, байланысқа шықпай қалған екі жасөспірімнің іздеуі сәтті аяқталды. Құтқарушылар олардың орналасқан жерін анықтап, қауіпсіз жерге жеткізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға Медеу ауданындағы Титова шыңы маңында, теңіз деңгейінен 3871 метр биіктікте болған. Екі жасөспірім байланысқа шығуды тоқтатқан соң, олардың орналасқан жері белгісіз болып қалған.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару жасағының құтқарушылары жұмылдырылды. Іздеу түнгі уақытта жүргізілді. Құтқарушылар күрделі тау жағдайында жаяу Титова шыңы бағытындағы маршрутты тексерді.
Іздеу барысында жасөспірімдер Титова асуының маңынан табылды. Тауда ұзақ уақыт болғанына қарамастан, оларға медициналық көмек қажет болмағанын құтқарушылар атап өтті.
Құтқарушылар жасөспірімдерді таулы аймақтан «Медеу» шатқалына дейін алып шығып, туыстарына аман-есен тапсырды.
