Алматы тауларында Оңтүстік Корея азаматы жоғалып кетті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
1953 жылы туған Чо Кукхи есімді оңтүстіккореялық азамат 2026 жылғы 28 қыркүйекте топ құрамында тауға көтерілген. Кейін ол өзі сәл биікке шығып, кейінірек түсетінін айтқан. Осыдан кейін ол туралы ешқандай мәлімет болмаған.
Оқиға Шымбұлақтан жоғары, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктіктегі Талғар асуында болған. Туристің қайда бет алғаны белгісіз.
Жоғалған адамды іздеуге еріктілер мен құтқарушылар жұмылдырылған. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті ақпаратты түсіндірмей отыр.
2026 жылғы 28 қыркүйекте Алматы тауларында Франция азаматы зардап шеккені хабарланған. Ол 4317 метр биіктікте таудан түсіп келе жатып аяғын шығарып алып, әрі қарай өз бетінше жүре алмаған.
