...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы — Шелек — Хоргос трассасында жол жөндеу жұмыстары күшейтілді

«Алматы — Шелек — Хоргос» автожолында жолшылар цементбетон жабынында профилактикалық жұмыстарды күшейтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Жоғары температура кезеңінде «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ жол қызметтері республикалық маңызы бар «Алматы — Шелек — Хоргос» автомобиль жолындағы цементбетон жабынының жай-күйін бақылауды күшейтті. Тексеру барысында мамандар жауапты ұйымдармен бірлесіп, цементбетон жабынының учаскелерін тексерді. Мониторинг қорытындысы бойынша цементбетон плиталарының температуралық деформациясы мүмкін 31 учаске анықталды.

Ақаулардың алдын алу мақсатында жолшылар шұғыл түрде профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды. 21 учаскеде жоғары температура кезінде бетон плиталарындағы ішкі кернеуді төмендетуге арналған қосымша деформациялық тігістер кесілді. Қалған 10 учаскеде жұмыстар жалғасуда және мамандардың тұрақты бақылауында.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде цементбетон жабынының жергілікті ақауы түсірілген бейнематериал тарады. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға ауыр жүк көлігі өткеннен кейін болған. Көлік жүктемесінің әсерінен бетон жабынының бір бөлігі қирап, кейін бұл учаскеге жеңіл автомобильдер соғылып, дөңгелектері зақымданған. Жол қызметтері мердігер ұйыммен бірлесіп, зардаптарды жою шараларын жедел қабылдады.

Көрсетілген учаске қалыпты жағдайға келтіріліп, көлік қозғалысы қалыпты режимде қамтамасыз етілді. Зардап шеккен көлік құралдарының иелеріне келтірілген залал мердігер ұйым тарапынан толық көлемде өтелді. Сонымен қатар, осы факті бойынша полиция департаменті мердігер ұйымға айыппұл түрінде әкімшілік ықпал ету шараларын қолданды.

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ жаз мезгілінде, әсіресе ауа температурасы күрт көтерілген кезде, цементбетон жабыны тұрақты бақылауды қажет ететінін атап өтті. Осыған байланысты жол қызметтері тұрақты тексерулер жүргізіп, әлеуетті осал учаскелерді анықтап, көліктің қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін профилактикалық жұмыстарды орындайды.

Дереккөз: Inform.kz