
Түркістан — Шиелі учаскесінде жолаушылар пойызының машинисі теміржол жолында жүрген бес жасар баланы қағып кетуден сақтап қалды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
ҚТЖ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 20 маусымда сағат 15:08-де Шорнақ станциясы маңында болған. Алматы-2 — Саратов бағытындағы №7/8 жолаушылар пойызы сағатына шамамен 70 км жылдамдықпен жүріп келе жатқанда, локомотив бригадасы жолдағы баланы байқаған.
Машинист авариялық тежеу жасап, соның арқасында қайғылы оқиғаның алдын алған. Пойыздың кешігуі небәрі төрт минутты құрады. Компанияның ақпараты бойынша, теміржолдың бұл учаскесі қоршаумен жабдықталған. Бала ересектердің қарауынсыз қауіпті аймақта болған.
Теміржолшылар ата-аналарды балаларын теміржол жолдарының жанында қараусыз қалдырмауға және оларға теміржол көлігі нысандарында қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үнемі еске салып отыруға шақырды.
Бұған дейін Шиелі — Түркістан аралығында Саратов — Алматы бағытындағы №7/8 жолаушылар пойызы вагонының дөңгелегі рельстен шығып кеткен еді.
Дереккөз: Inform.kz