Премьер-Министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы алматылықтар мен жақын елді мекендер тұрғындарының Алматы – Қаскелен жолының қатты жүктемелігіне қатысты шағымдарына назар аударды. Президент жолды кеңейту жобасын дереу іске асыруды тапсырды. Осы аптаның соңына дейін мердігер техника мен персоналды жұмылдыруы керек. 20 шілдеде, дүйсенбіде құрылыс жұмыстарын бастау қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы және барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс, – деп тапсырды Олжас Бектенов.
Премьер-Министр жоба құны бекітілген және қымбаттауға жатпайтынын атап өтті. Жер учаскелерімен алып-сатарлықты болдырмау үшін олардың құны кешегі күн – 14 шілдедегі жағдай бойынша бекітілуі керек, – деп атап көрсетті Олжас Бектенов.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Алматы қаласынан Қаскелен қаласына дейінгі 8 км жол учаскесін 8 жолаққа дейін кеңейту жобасын таныстырды. Қаржыландыру Қазақстан Даму Банкі арқылы жүзеге асырылады. Екі айрық пен 9 жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланған. Нәтижесінде бұл учаскенің өткізу қабілеті 2 есе артады. Құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру 2027 жылдың желтоқсанына дейін жоспарланған.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының мәліметінше, күніне мегаполиске 300 мың автокөлік кіреді. Ішкі АТС есепке алғанда трафик көлемі миллионнан асады. Алматы – Қаскелен автомобиль жолы Алматы агломерациясының ең жүктелген учаскелерінің бірі болып табылады. Мұндағы қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 60 мың автокөлікке жетеді. Сондай-ақ Абай даңғылын БАҚАД-қа дейін жалғастыру жобасы туралы баяндалды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан бастап ұзындығы 32 км болатын балама жол салу жұмыстарының басталғанын хабарлады. Бұл жоба Алматы – Қаскелен трассасына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Аталған жобалар бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысындағы жер мәселелері шешудің соңғы сатысында. Сонымен қатар Алматы агломерациясын дамыту шаралары талқыланды. Алматы – Есік, Алматы – Талғар бағытындағы жол жобалары қаралды. Рельстік көлік пен Алматы метрополитенін дамыту жұмыстары да жүргізілуде.
Үкімет басшысы Алматы агломерациясының көліктік байланысын кешенді шешу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Дереккөз: Inform.kz