Алматы прокуратурасы өндірістік ағынды суларды бақылау кезінде заң бұзушылықтарды анықтады, соның салдарынан 184 сынама алу актісі мен 211 зертханалық сынақ хаттамасы күшін жойды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше, «Алматы Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өндірістік ағынды суларды бақылау саласындағы заңнаманы сақтауы тексерілді. Заң талаптарын бұза отырып, 184 сынама алу актісі ресімделген, оның ішінде 5 инвесторға қатысты 211 зертханалық сынақ хаттамасы жасалған.
Тексеру барысында кәсіпкерлердің сынама алу жүргізілетіні туралы тиісті түрде хабарланбағаны, олардың өкілдерінің қатысуы қамтамасыз етілмегені, ал кейбір актілер белгіленген талаптарды бұза отырып ресімделгені анықталды.
Қадағалау актісі бойынша барлық 184 сынама алу актісі және олардың негізінде жасалған 211 зертханалық сынақ хаттамасы күшін жойды. Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері мен инвесторлардың құқықтары қалпына келтірілді.
Жол берілген бұзушылықтар үшін 3 лауазымды тұлға заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды.
— Алматы қаласының прокуратурасы «Алматы Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өндірістік ағынды суларды бақылау кезінде заңнаманы сақтау мәселелері бойынша қызметіне талдау жүргізді. Заң талаптарын бұза отырып, барлығы 184 сынама алу актісі ресімделді, оның ішінде 5 инвесторға қатысты 211 зертханалық сынақ хаттамасы жасалды, — деді ведомствода.
Бұған дейін Алматы прокуратурасы инвесторға 32,5 млрд теңгелік жоба үшін жер телімін алуға көмектескені хабарланған болатын.
