...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматы тұрғыны «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешеніндегі лас ыстық суға шағымданды

Алматыдағы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінің тұрғыны пәтерге келетін ыстық судың лас екеніне шағымданды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алия Томатаева Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында ыстық судың сапасына қатысты жазба жариялаған. Оның айтуынша, мәселе «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінде тұрақты түрде байқалады.

«Ыстық та, суық та су әрдайым лас келеді. Жылу жүйесіне, тұрғын үй қызмет көрсету кооперативіне хабарластық, ешкім әрекет етпейді», — делінген жазбада.

Дәлел ретінде ол бейнежазба жариялаған, кадрларда ваннаға құйылған судың қоңыр түсті екені көрінеді.

Шағымға Наурызбай ауданының әкімдігі жауап берді. Онда «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешеніндегі ыстық сумен жабдықтау сапасын жақсарту үшін «Алматинские тепловые сети» ЖШС магистральдық жылу желілерін жуу жұмыстарын жүргізетіні айтылды.

«Сонымен қатар жылумен жабдықтаушы ұйымның мамандары судың сапасын анықтау және оның белгіленген санитарлық талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін ыстық судан сынама алады», — деп қосты әкімдікте.