Жетісу облысында Алматы – Өскемен республикалық маңыздағы автожолын күрделі жөндеу барысында тас пен топырақты заңсыз өндіру фактісі анықталды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының ресми сайтында хабарланғандай, мердігер ұйым тиісті рұқсат құжаттарынсыз тау беткейінен тас пен топырақ өндіріп, оларды жол құрылысында негіз ретінде пайдаланған.
Алдын ала есептеулер бойынша, заңсыз жер қойнауын пайдалану салдарынан мемлекетке келтірілген шығын 115 млн теңгеден асты.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен (жер қойнауын өз бетінше пайдалану) қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Тергеу барысы Жетісу облысы прокуратурасының бақылауында.
