Жетісу облысындағы Алматы – Өскемен автожолының 171-шақырымында екі Toyota Camry көлігі соқтығысып, бір адам қаза тауып, тағы жетеуі жарақат алып ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Полиция мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала деректерге сәйкес, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі басқаруды ұстай алмай, бағыттас келе жатқан екінші Toyota Camry-мен соқтығысқан. Апат салдарынан бір көліктің 56 жастағы жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Қалған жеті адам әртүрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептері қозғалған қылмыстық іс аясында анықталуда.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауға шақырды. «Сіздерді жол жүрісі ережелерін мүлтіксіз сақтауға, жол және ауа райы жағдайын ескере отырып қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, қашықтықты сақтауға және көлік басқару кезінде алаңдамауға шақырамыз. Есіңізде болсын: жолдағы қауіпсіздік әрбір жол қозғалысына қатысушыға байланысты», — деп атап өтті полицияда.
Бұған дейін Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларының 91 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болатыны хабарланған.
Дереккөз: Inform.kz