Алматы облысында 70 жастағы Александр Саворовский іздестірілуде. Ол деменциямен ауырады және 11 маусымда үйінен шығып, қайтып оралмаған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Туыстарының айтуынша, ер адам 11 маусымда үйінен шығып кеткен. Оның жоғалғаны белгілі болған соң, отбасы полиция мен еріктілерге хабарласқан. «Қоғам» жедел әрекет ету отрядының командирі Ақмарал Айтпенованың айтуынша, іздеу жұмыстары Алмалыбақ кентінің маңында жүргізілуде.
«Егістіктерді, су қоймаларын қарап шығамыз, дрон көтеріп, кенттің барлық жақын маңындағы аумағын тексереміз», — деді ол.
Бейнебақылау камераларының жазбаларына сәйкес, Александр Саворовский үйінен шыққан соң автобусқа отырып, «Алтын Орда» базарына бет алған. Кейін ол басқа автобусқа ауысып, Қаскелең трассасына қарай жүрген. Жоғалған ер адамның қызы Анна Колдурмидидің айтуынша, әкесі өзінің есімін есіне сақтамайды, отбасы мүшелерін танымайды және үй мекенжайын айта алмайды.
Соңғы рет ер адам Қаскелең трассасының 19-шы шақырымында тіркелген. Туыстары оның Алматыға қайта оралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Іздеу жұмыстарына 100-ден астам адам жұмылдырылған, оның ішінде полиция қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар бар.
Александр Саворовскийдің орналасқан жері туралы қандай да бір ақпараты барларды +7 705 979 9537 телефонына хабарласуын сұрайды.
Дереккөз: Inalmaty.kz