
Алматы метрополитеніндегі жымқыру ісі бойынша сот үкімі өзгертіліп, 127 млн теңге мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Бас прокуратураның Алматы қаласындағы баспасөз қызметі 2026 жылғы 27 сәуірде мәлімдегендей, «Метрополитен» КМК лауазымды тұлғалары мердігер ұйымдардың басшылары мен қызметкерлерімен алдын ала сөз байласып, метро құрылысы мен жабдықталуына бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтірілген. Алмалы аудандық сотының үкімімен «Метрополитен» КМК мен мердігер ұйымның 10 лауазымды тұлғасы мүлкі тәркіленіп, шығынды ортақ тәртіппен өтеумен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Алайда сот актісінің заңдылығын кассациялық тәртіпте тексеру барысында жымқырылған қаражаттың 127 млн теңгесі басқа заңды тұлғаның банктік шотында жатқаны анықталды. Сот шешімімен бұл сома мемлекетке қайтарылды.
2026 жылдың басында Алматыда метроның жаңа тармағының құрылысы басталатыны хабарланған еді. Осыған орай болашақ станциялар аумағында жер сатып алу мен үйлерді бұзу жұмыстары басталды.
Дереккөз: Zakon.kz