Алматыдағы метро станцияларының бірінде полицейлер үш патроны бар кәмелетке толмаған жолаушыны анықтады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қалалық Полиция департаменті Instagram-дағы парақшасында «Райымбек батыр» станциясында табылған олжа туралы хабарлады. Осыған байланысты қаладағы колледждердің бірінің студенті ұсталды.
«Жеке қарау кезінде жас жігіттен үш патрон табылды, олар болжам бойынша Калашников автоматына арналған. Оқиға орнына Жетісу аудандық Полиция басқармасының тергеу-жедел тобы дереу келді. Оқ-дәрілер алынып, тиісті сараптамаға жіберілді», — делінген полиция хабарламасында.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Патрондардың шығу тегі мен оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары кешені жүргізілуде. Полиция қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Дереккөз: Nur.kz