...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматы мен Чунцин арасында тікелей әуе рейсі ашылды

Алматы мен Чунцин арасында алғашқы тікелей әуе рейсі іске қосылды. Бұл сонымен қатар Қытайдың ең үлкен мегаполисін Орталық Азия өңірімен байланыстырған алғашқы тұрақты бағыт болып отыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

«Алматы — Чунцин — Алматы» бағыты бойынша халықаралық рейстің ашылуына арналған салтанатты рәсім Чунцинде өтті. Жаңа бағыт FlyArystan әуекомпаниясының Үрімші, Инин (Күлжа) және Сиань қалаларына қатынайтын рейстерін толықтырды.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген FlyArystan әуекомпаниясының президенті Йохан Эйдхаген бағыттың ашылуы екіжақты байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

— Бүгінгі алғашқы рейс — бұл жай ғана жаңа әуе қатынасының ашылуы емес. Бұл Чунцин мен Қазақстан арасындағы жаңа көпір, ол халқымызды, бизнесімізді және мәдениетімізді жақындастырып, Батыс Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашады, — деп атап көрсетті әуетасымалдаушы басшысы.

Ол Чунциннен және бүкіл Батыс Қытайдан келген жолаушылар үшін бұл рейс Алматы мен Қазақстанды ашуға тікелей мүмкіндік беретінін қосты. Сонымен қатар қазақстандықтар Чунцинге және жалпы Батыс Қытай өңіріне қолайлы қатынай алады.

Рейстерді орындау егжей-тегжейін FlyArystan коммерциялық блогының вице-президенті Маттео Чеккони айтты.

— Рейстер аптасына екі рет заманауи Airbus A320ceo және Airbus A320neo ұшақтарымен, сыйымдылығы 180-188 орынмен орындалады. Кесте Чунциннен бейсенбі және жексенбі күндері таңғы ұшуларды, сондай-ақ Алматыдан сәрсенбі және сенбі күндері кешкі ұшуларды ұсынады. Бұл екі бағытта да іссапарлар, демалыстар және қысқа сапарлар үшін икемділікті қамтамасыз етеді, — деді ол.

Қазақстандық әуекомпания өкілі қысқы кезеңде бағыт желісін одан әрі кеңейту жоспарларымен бөлісті.

— Алдағы қысқы маусымнан бастап біз Қытайдағы қатысуымызды одан әрі нығайтып, Астана мен Үрімші арасында жаңа тікелей рейс ашамыз. Бұл бағыт Қазақстан астанасы мен Шыңжаң арасындағы байланысты жақсартады, — деп түйіндеді спикер.

Алматы мен Чунцин арасындағы ұшу ұзақтығы шамамен 5 сағатты құрайды.

Бұған дейін қазақстандықтар Қытайға кірудің жаңа ережелері туралы ескертілгені хабарланған болатын.