...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматы мектептері жаңа оқу жылында сенбілік оқуға көшпейді

Алматыда жаңа оқу жылында оқушылардың сенбі күні сабақ оқитынына қатысты жауап берілді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мектептердің оқу аптасының ұзақтығы туралы шешімді өз бетінше қабылдай алатынын мәлімдеген еді.

Алайда Алматыда алты күндік оқытуға көшу әзірге жоспарланбай отыр.

Қалалық білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Дәурен Сағынғалиевтің айтуынша, алты күндік оқуға ауысу мәселесі бұрын шынымен талқыланған.

— Бұл білім сапасын және оқушылардың қосымша білім беру орталықтарына бару мүмкіндігін ескере отырып қарастырылды. Сондықтан қазір бізде мұндай жоспар жоқ. Барлық ұйымдарда балалар бес күндік жүктемені сақтай отырып оқиды, — деді ол РСК-дағы брифингте.

Осылайша, жаңа оқу жылында Алматыдағы барлық мектеп бес күндік жүйемен жұмысын жалғастырады.

Сондай-ақ үш ауысымды оқытуға қайта оралу жоспарланбаған. Қалалық білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаевтың сөзіне сүйенсек, қазір қалада үш ауысымда жұмыс істейтін мектеп жоқ.

Оның үстіне, қала бір ауысымда жұмыс істейтін мектептер санын біртіндеп арттыруды көздеп отыр.

Бұған дейін Алматы қалалық білім басқармасы жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасына, ақылы үйірмелерге және электронды күнделікке қойылатын талаптарды түсіндірген болатын.