...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы базарларында жастар ұлттық ойындар фестивалін өткізуде

Алматыда «Youth Nomads» ұлттық спорт фестивалінің финалы өтіп жатыр. Ол қаланың базарлары мен сауда орындарында жұмыс істейтін жастарды біріктірді. Жалпы жүлде қоры 3 млн теңге болатын жоба ұлттық спорт түрлері мен салауатты өмір салтын насихаттаудағы ең жарқын бастамалардың біріне айналды, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Финалдық кезең «Кенжехан» базарының аумағында басталды, мұнда іріктеу кезеңдерінен өткен ең мықты қатысушылар бас жүлде үшін күреседі. Жобаға барлығы 1000-нан астам жас қатысты. Қорытынды сын алдында ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді: ақпараттық кездесулер Алматының 20-дан астам базарын қамтыды, ал іріктеу турнирлері «Алаш», «Мизам» және «Жібек жолы» алаңдарында өтіп, әр кезеңде жүздеген қатысушыны жинады.

«Жоба барысында көптеген жігіттердің мұндай ортаға алғаш рет тап болғаны белгілі болды. Бұрын қатыспағандар келді, танысты, сөйлесті, өзін сынап көрді. Осындай сәттерден кейін сенімділік пайда болады және «Мен де істей аламын» деген ой келеді», — деп атап өтті Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нукенов.

Финалда қатысушылар алты дәстүрлі пән бойынша күш сынасады: асық ату, ләңгі тебу, қой көтеру, қазақша күрес, қол күрес және арқан тартыс. Жарыстардан бөлек, қонақтарды қызықты бағдарлама күтеді: қолөнер бұйымдарының көрмесі, шығармашылық өнер көрсетулер, сондай-ақ Қалалық мансап орталығы мен «SkilAll» білім беру курстарының қатысуы.

Қатысушылардың айтуынша, жоба жай спорттық жарыс емес, өзін таныту мүмкіндігіне айналды: «Біз базарларда жұмыс істейміз, бірақ әрқайсымыздың күшіміз бен әлеуетіміз бар. Youth Nomads мұны көрсетуге мүмкіндік берді», — деді финалистердің бірі.

Басқа қатысушылар жобаның дәстүрлерге деген қызығушылықты қайтаруға көмектесетінін атап өтті: «Бұл жай спорт емес — бұл біздің мәдениетіміз».

Ұйымдастырушылар жобаның қала үшін ұзақ мерзімді маңызы бар екеніне сенімді:

«Youth Nomads — бұл жарыстан да көп. Бұл дәстүрлерге құрмет, жастарды дамыту және өзін-өзі жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау. Біз мұндай форматтардың жас адамдар арасында қаншалықты сұранысқа ие екенін көріп отырмыз», — деп түйіндеді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Әзіз Қажденбек.

Фестиваль ұлттық құндылықтарды насихаттауға, физикалық белсенділікті дамытуға және жастардың қаланың қоғамдық өміріне қатысуының жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Дереккөз: Almaty.tv