
Алматы халықаралық әуежайы күшті жаңбырдан кейін бір терминалдың төбесі ағып кеткені үшін жолаушылардан кешірім сұрады. Әуежай әкімшілігі жаңа жөндеу жұмыстарын жоспарлап қойған, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әуежайдың баспасөз қызметі Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевпен өткен кеңестің жаңа мәліметтерін жария етті. Жиын жақында болған төбенің ағуы мен терминалдың бір бөлігінің су астында қалуына байланысты өткізілді.
Кеңес қорытындысы бойынша әуежай президенті алдымен тиісті инфрақұрылымға толық тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.
Тексеру барысында төбеден ең төменгі жер асты деңгейіне дейінгі барлық дренаж жүйесі мұқият тексеріліп, ықтимал техникалық ақаулар анықталады. Сонымен қатар, әуежай болашақта қайта су басу қаупін толығымен болдырмау үшін дренаж жүйесінің қуатын едәуір арттыруға қажетті инвестициялар салады. Сондай-ақ, терминалдың төбесін толық жөндеу жоспарланған, ол алты ай ішінде аяқталуы тиіс, — деді баспасөз қызметі.
Әуежай командасы қауіпсіздікті, инфрақұрылымның сенімділігін және қызмет көрсетудің жоғары сапасын қамтамасыз етуді басты басымдық деп санайды.
Еске сала кетейік, өткен демалыс күндері Алматыдағы қатты жаңбыр салдарынан әуежай ғимаратының бір бөлігі су астында қалды. Әуежай баспасөз қызметі жағдайды түсіндіріп, T1 және T2 терминалдарының кейбір аймақтарында қатты жауын-шашыннан төбе ағып кеткенін растады.
Дереккөз: Nur.kz