
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Наурызбай ауданына барып, Бәйкен Әшімов көшесінің абаттандыру барысымен танысып, №15 мектеп-интернатының дайындығын тексеріп, тұрғындармен кездесті. Назарда – электрмен жабдықтау, білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығы және денсаулық сақтау нысандарына түсетін жүктеме мәселелері, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Дархан Сатыбалды жұмыс сапарын Бәйкен Әшімов көшесінің абаттандыруын тексеруден бастады. Айтматов көшесінен Шаляпин көшесіне дейінгі 750 метрлік учаскеде жол инфрақұрылымы жаңартылып, тұрғындарға ыңғайлы қоғамдық кеңістік жасалды. Жоба аясында 5 000 шаршы метрден астам тротуар төселіп, жасыл желектерді автоматты суарудың заманауи жүйесі орнатылды.
«Әшімов көшесі бойынша көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары ауқымды жүргізілді. 21 000 көшет пен бұта, сондай-ақ 49 000 біржылдық гүл отырғызылды. Бүкіл 750 метрлік учаскеде автоматты суару жүйесі енгізілді», — деді мердігер компания басшысының орынбасары Дастан Жетібаев.
Сапар барысында қала басшысы аудан тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді тыңдады. Қала тұрғындары электрмен жабдықтау және сумен жабдықтау, мектептердегі орын тапшылығы және медициналық мекемелерге түсетін жүктеменің артуы тақырыптарын көтерді. Дархан Сатыбалды барлық өтініштер жұмысқа алынып, кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті. Содан кейін әкім құрылысы аяқталуға жақын №15 мектеп-интернатына барды. Қазір оқу орнында кабинеттерді қажетті жабдықпен жарақтандыру жалғасуда.
«Біздің мектеп-интернат 1975 жылы ашылған, ал соңғы күрделі жөндеу 2001 жылы жүргізілген болатын. Бүгін ескі ғимараттың орнына заманауи және кең корпус салынды. Бұрын интернат 200 балаға есептелсе, енді 340 баланы қабылдай алады. Мұнда барлық қажетті жағдайлар жасалып, жаңа жабдықтар орнатылды», — деді №15 мектеп-интернатының директоры Раушан Тастанбекова.
Сонымен қатар, Дархан Сатыбалды тұрғындарды жеке қабылдады. Қала тұрғындары кәріз желілерінің жай-күйі және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігіне қатысты мәселелермен жүгінді. Мүгедектігі бар адамдарға арналған мамандандырылған спорт инфрақұрылымының жетіспеушілігіне ерекше назар аударылды.
«Мен дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне қатысты мәселе көтердім, онда мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктері ескерілсін деп. Онда мүгедектігі бар адамдарға арналған киіну бөлмелері болуы керек. Мен ерекше баланың анасымын», — деді қала тұрғыны Жанат Тілеубаева.
«Биыл күзде Таусамалы шағын ауданында 18 жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Ол үшін қаржыландыру және қажетті үй-жай анықталды. Сонымен қатар, Спорт және Құрылыс басқармаларымен бірлесіп осы ауданда дене шынықтыру-сауықтыру кешенін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жоспар бойынша нысан 2027 жылы пайдалануға берілуі тиіс», — деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Кездесу қорытындысы бойынша Алматы әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындар көтерген барлық мәселелер ерекше бақылауда болатынын және жауапты ведомстволарға тиісті тапсырмалар берілгенін атап өтті.
Дереккөз: Almaty.tv