...
... Алматы
USD—
EUR—
RUB—
Алматы жаңалықтары

Алматыдағы Dostyk Plaza сауда орталығынан келушілер эвакуацияланды

Алматыдағы Dostyk Plaza сауда-ойын-сауық орталығынан келушілердің эвакуацияланғаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Қазақстандықтар Threads желісінде Dostyk Plaza сауда орталығына келушілерді кіргізбей жатқанын жазды. Желі қолданушысы revel_buyer: «Dostyk Plaza-да не болды? Барлық шығу жолдары жабық, ешкімді кіргізбейді. Кім біледі, не болып жатыр?» — деп жазды.

Сондай-ақ келушілердің сауда орталығынан шығарылғаны түсірілген бейнежазбаны ZTB News Telegram-арнасы жариялады.

«Сауда-ойын-сауық орталығының келушілеріне эвакуация туралы хабарланды. Куәгерлердің айтуынша, ғимаратқа кіреберіс жабылып, оқиға орнына полицейлер мен кинологтар келген», — делінген хабарламада.

Сауда орталығы әкімшілігінің мәлімдемесі Instagram-дағы аккаунтында жарияланды.

«Құрметті қонақтар! Түскен ақпаратқа байланысты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Dostyk Plaza-да қажетті шаралар жүргізілуде. Осыған байланысты сауда орталығына кіру мен көлікпен кіруге уақытша шектеулер қойылуы мүмкін. Сабыр сақтап, Dostyk Plaza қызметкерлерінің нұсқауларын орындауды сұраймыз. Түсіністік танытқаныңыз үшін және жағдайға жауапкершілікпен қарағаныңыз үшін алғыс айтамыз», — делінген хабарламада.

NUR.KZ тілшісі Алматы полиция департаментінен пікір сұрап хабарласқан.