
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды оңтүстік кореялық көпбейінді Hyundae Medical ауруханасының президенті, доктор Ким Бу Собпен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар Алматыда заманауи көпбейінді SLG-Hyundae ауруханасын салу бойынша бірлескен жобаны іске асыруды талқылады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Жоба қазақстандық «Шин-Лайн» ЖШС мен оңтүстік кореялық Hyundae General Hospital арасындағы әріптестік аясында жүзеге асырылады. Бұл аурухана 1998 жылы құрылған және 400-ден астам төсек-орын мен 29 медициналық мамандықты біріктіретін Корея Республикасының жетекші көпбейінді клиникаларының бірі.
Жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 65 млн АҚШ долларын құрайды. Аурухана 200 төсек-орынға есептелген, стационарлық және амбулаторлық бөлімшелермен, операциялық блокпен, диагностикалық орталықтармен және цифрлық медициналық жүйелермен жабдықталады. Жобаны іске асыру 463 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Қала әкімі жобаның Алматының медициналық инфрақұрылымын дамыту, озық технологияларды трансферттеу және халықаралық стандарттар бойынша білікті медициналық кадрларды даярлау үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Әкімдік жер учаскесін ұсынып, бейінді жоғары оқу орындарымен бірлесіп кадрлар даярлауға жәрдемдесетін болды.
Дереккөз: Almaty.tv