...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды «Кітап аманаты» эстафетасын қабылдады

Алматыда «Оқитын ұлт» жобасы аясындағы «Кітап аманаты» эстафетасы жалғасып, қала әкімі Дархан Сатыбалды оны ресми түрде қабылдады. Бұған дейін бастаманы Абай облысының әкімі Берік Уәли қолға алған еді, кейін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қолдады, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Әкім өз сөзінде кітап оқудың қоғам дамуындағы маңыздылығын атап өтті. Қазіргі таңда Алматыда 37 мемлекеттік кітапхана, тәулік бойы жұмыс істейтін 7 заманауи цифрлық кітапхана және 32 автоматтандырылған кітап аппараты жұмыс істейді. Сонымен қатар, мегаполисте ірі Президенттік кітапхананың құрылысы жүріп жатыр.

Эстафета аясында қала басшысы тұрғындарға қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» романын оқуды ұсынды. Содан кейін эстафета Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке тапсырылды.

Өткен аптада Қызылорда облысында қатысушыларға Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы ұсынылған болатын. Отандық телеарнаның таңғы бағдарламасының тікелей эфирінде өткен викторина барысында Қарағанды облысы Приозерск қаласының тұрғыны Нұризат Темірқұл бірінші болып студияға қоңырау шалып, жүргізушінің сұрақтарына дұрыс жауап беріп, бағалы сыйлық – iPhone ұтып алды.

«Оқитын ұлт» жобасы жаппай оқу мәдениетін қалыптастыруға, қазақстандық авторлардың шығармашылығын насихаттауға және ұлттық әдеби мұраны ілгерілетуге бағытталған.

Дереккөз: Almaty.tv