...
... Алматы
USD
EUR
RUB

Алматы әкімдігі жағалаудағы ақауларға байланысты мердігермен соттасады

Алматы әкімдігі Үлкен Алматы өзенінің жағалауын қайта жаңғырту жобасында анықталған кемшіліктерге байланысты «Павлодар өзен порты» АҚ-мен соттасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Жоба соңғы айларда тұрғындар тарапынан сынға ұшырады. Әлеуметтік желілерде гранит плиталарының орнына қолданылған материалдардың сапасы, құрылыс алаңындағы шаң, жаңа отырғызылған ағаштардың жағдайы және басқа мәселелер талқылануда.

Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереевтің айтуынша, жұмыс шамамен 85-90 пайызға орындалған. Алайда бұл көрсеткіш түпкілікті емес, өйткені жұмыстың едәуір бөлігі анықталған кемшіліктерге байланысты әлі қабылданбаған.

«Біз халық тарапынан айтылған барлық ескертулерді білеміз, бірақ сапасыз орындалған жұмыстарды қабылдамаймыз. Оның үстіне, мердігерге төленетін төлемнің едәуір бөлігі әлі жүргізілген жоқ және біз жұмыстарды сапалы аяқтауды талап етеміз», — деді ол.

Келісімшарт бойынша құрылыс жұмыстары 2026 жылғы 30 мамырда аяқталуы тиіс еді, бірақ әкімдік сотқа талап-арыз жолдады.

«Мердігер жұмысты уақытында аяқтамады. Қазір біз келісімшарт шарттарына сәйкес кешіктіргені үшін тұрақсыздық айыбын есептейміз. Бұл сома қалған төлемдерден ұсталатын болады. Сондай-ақ, мердігерді жауапкершілікке тарту үшін сотқа талап-арыз жолдадық», — деп қосты басқарма өкілі.

Оның айтуынша, мердігер орындалған жұмыстарға үш жылдық кепілдік береді. Болашақта ақаулар анықталса, оларды өз есебінен жоюға міндетті.

Дереккөз: Nur.kz