Алматы халықаралық әуежайы жүк кешенін кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жоба жүктерді өңдеу алаңдарын ұлғайтуды және мамандандырылған аймақтар құруды көздейді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылы жүк кешені тәулігіне орта есеппен шамамен 370 тонна, айына 11 600 тонна жүк өңдейді. Жыл қорытындысы бойынша жүк тасымалының көлемі шамамен 137 мың тоннаны құрайды деп күтілуде.
Келесі кезең экспорттық инфрақұрылым үшін қосымша 5 мың шаршы метр алаң жасауды қарастырады. Әуежайдың есептеуінше, бұл тиісті қуатты екі есе арттыруға мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай жүк өңдеу көлемін жылына 250 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Кешеннің жаңа бөлігінде температуралық режимі бақыланатын үй-жайлар, қауіпті және құнды жүктерге, сондай-ақ тасымалданатын жануарларды ұстауға арналған жеке аймақтар қарастырылған.
Сонымен қатар авиациялық контейнерлер мен ULD паллеттерін өңдеуге арналған сегізге дейін жұмыс станциясын құру және осындай 60-тан астам жүк бірлігін бір мезгілде орналастыруды қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Әуежайда фармацевтикалық өнімді өңдеуге арналған IATA CEIV Pharma сертификаты, сондай-ақ Еуропалық одақ пен Ұлыбританияның RA3 сертификациясы бар.
Айта кетейік, бүгінде Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жақында Алматы халықаралық әуежайының аумағына Майлин көшесі жағынан негізгі кіреберіс те ашылған болатын.
