Алматыда С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жергілікті бюджет есебінен оқыған резидентура түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов жас мамандарды құттықтады. Биыл С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың 111 дәрігер-резиденті диплом алды. Жалпы, 2026 жылы жергілікті бюджет есебінен оқуды 137 маман аяқтады: 111-і С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да, 24-і Қазақстан-Ресей медицина университетінде және 2-і Қазақ кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында.
«Медициналық кадрларды даярлау – Алматы денсаулық сақтау жүйесінің басты басымдықтарының бірі. Қала жыл сайын ең сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандарды оқытуға инвестиция салады, осылайша тұрғындар уақтылы және сапалы медициналық көмек алады», – деді Марат Пашимов.
Түлектерге сөз сөйлеген ол диплом алу – кәсіби жолдың басы екенін, бұл жоғары жауапкершілікті, білімді үнемі жетілдіруді және таңдаған іске адалдықты талап ететінін атап өтті.
«Жақында көпшілігіңіз Алматының ауруханалары мен емханаларына жұмысқа барасыздар. Пациенттердің денсаулығы мен өмірі көбіне сіздердің біліміңізге, кәсібилігіңізге және адамгершілік қарым-қатынасыңызға байланысты болады», – деді басқарма басшысы.
Соңында жас дәрігерлерге кәсіби табыс, дана тәлімгерлер, өз күшіне сенімділік және ризашылық білдіретін пациенттер тіледі, қаланың заманауи денсаулық сақтау жүйесін дамытуды жалғастыру олардың еншісінде екенін айтты.
Дереккөз: Almaty.tv