...
... Алматы
USD
EUR
RUB
Алматы жаңалықтары

Алматы әкімдігі Самал-3 тұрғындарының саябақ салу туралы өтінішіне жауап берді

Алматыда Самал-3 шағын ауданының тұрғындары әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы қала әкімдігіне Мендіқұлов пен Қажымұқан көшелерінің қиылысындағы жер телімін алып, саябақ аймағын салуды талап етіп, өтініш білдірді, деп хабарлайды Almaty.news ақпарат агенттігі.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұрын ауданы 0,50 га жер телімі жеке меншікте болған. 2020 жылы меншік иесіне көппәтерлі тұрғын үй кешені мен бизнес-орталық салуға жоба алды құжаттама берілген.

Кейін қала әкімдігі тұрғындардың пікірін ескеріп, бұрын берілген рұқсат құжаттарын кері қайтарған. Сондай-ақ жоғарыда аталған жер телімін сатып алған инвестормен келісімге қол жеткізіліп, ол телімнің жартысын – 0,25 га тегін қала меншігіне берген. Сонымен қатар инвестор өз қаражаты есебінен жақын маңдағы үй тұрғындарымен келісілген жоба бойынша саябақ аймағын салған.

Қалған бөлігінде (0,25 га) меншік иесі – «Шоқан Уәлиханов атындағы жеке мектеп» ЖШС жылыжай мен оған іргелес аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба сәулет және қала құрылысы басқармасы берген жоба алды құжаттары негізінде жер телімінің мақсатты пайдаланылуына сәйкес іске асырылуда.

Әкімдікте жоба күрделі құрылыс нысандарын салуды көздемейтінін атап өтті. Берілген жоба алды құжаттаманы кері қайтару мүмкін емес, себебі жер телімі жеке меншікте, ал жобаны іске асыру телімнің мақсатты пайдаланылуына сәйкес келеді.

Дереккөз: Almaty.tv